Вакцинация-бұл ерікті іс, бірақ қоғам үшін, адамзат үшін өте қажет!

Бір жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлем коронавирустық пандемиямен күресуде. Инфекцияның таралу қарқыны әлі де бәсеңдемей тұр. Эпидемияның құлдырауын тездетудің жалғыз және сенімді әдісі-халықты жаппай вакцинациялау.

Бүгінде біздің елімізде вакцинация қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, қазақстандықтар Батыс елдеріндегідей көптен күткен вакцинаны салдыруға асықпайды. Еуропада мүлдем басқа жағдай – вакцинация науқаны көп күттіретін кезекке байланысты жанжалмен жүргізілуде. Мәселен, Испания Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал Мигель Ангел Вильярроя вакцинацияға қатысты жанжал салдарынан отставкаға кетуге мәжбүр болды. Себебі, Генерал басқа жоғары дәрежелі әскери шенділермен бірге COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны белгіленген тәртіптен тыс алды деп айыпталды.

"Қазақстандық медициналық кеңес" медициналық білім беру және ғылым ұйымы қауымдастығының басшыларының бірі және медициналық қоғамдастықтың өкілі бола отырып, мен және менің әріптестерім "Спутник V" вакцинасын алдық.

Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде "қастандық" теориялары туралы әртүрлі мақалаларды және басқа да абсурдтық пікірлерді оқи отырып, COVID-19 коронавирустық инфекциясы жаппай екпе арқылы ауыздықталған алғашқы жау емес екенін еске түсіруге шақырамын.

Жұқпалы аурулардың өршуі адамзат үшін қаншалықты қауіпті әрі жойқын екенін және вакцинаның пайда болуы арқылы миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған жалғыз үміт екенін естен шығармағанымыз абзал. Адамзат тарихындағы вакциналар бізді В гепатиті, безгек, қызылша, туберкулез және өзге де қауіпті жұқпалы аурулардан сан мәрте қорғады. Айта кетсек, екпе пайда болғанға дейін әрбір төртінші науқас қызылшадан көз жұмған, бұл-факт. Дегенмен, біз тек екпе ғана аурудың таралуын және адамдардың өлімін тоқтата алатындығын ұмыта бастадық. Бүгінде вакцинация өз жетістігінің құрбаны болды: оның арқасында көптеген адамдар бұрын қорқатын аурулар туралы ұмытып, вакцинациялардың өзінен күдіктенуді бастады.

Вакцинация тек екпе алған адамдарды ғана емес, сонымен қатар қоғамның екпе алмаған мүшелерін де қорғайды. Біз барлық адамдарға медициналық себептерге байланысты бірдей екпе салуға болмайтынын білеміз. Бірақ, бұл адамдар екпе алған адамдар арасында өмір сүрсе, оларды ұжымдық иммунитет арқылы қорғауға болады.

Коронавирусты ауыздықтау шараларын «Швейцариялық ірімшік» теориясындағы қабаттарымен салыстырудың керемет мысалын вирусолог Иэн Маккей айтқан, одан жақсы баламаны таңдау қиын. Квинсленд университетінің доценті: "Covid-19 қорғаныс шараларының ешқайсысы өздігінен 100% жұмыс істемейді, бірақ біз осы қабаттардың (шаралар) барлығын біріктірген кезде сенімді қорғаныс кедергісін жасаймыз", - дейді. Маккей ұсынған модельдегі қабаттар мен ірімшік тесіктері өзара әрекеттеседі-швейцариялық ірімшіктің әр қабаты (алдын-алу шарасы) тесіктері (кемшіліктері) бар. Бірақ бұл қабаттар бірге вирустан жақсы қорғаныс береді. "Мысалы, біз маскалар көмектесетінін білеміз, бірақ маскалар жеткіліксіз. Вакциналар да өте жақсы, бірақ кейбір вакциналар пандемияны тоқтатпайды". "Барлық маскалар бірдей тиімді емес және бәрі бірдей дұрыс кимейді". Маккейдің пікірінше, жалпы жауапкершілік тұрғысынан ең маңызды "қабаттардың" бірі – адамдарға сақтық шаралары жөнінде таратылатын дұрыс ақпарат. Тағы басқа "ірімшік қабаттары" - бұл адамдар көп жиналатын жерлердің жұмыс уақытын шектеу немесе жабық жерлерде желдеткіш пен ауаны сүзу жүйелерін орнату.

Осы тұста, инфекциямен күрес бойынша барлық ақпаратты популистер мен сыншылардан емес, ғылыми негізделген фактілерге сүйенетін сенімді сарапшылар мен ғалымдардан ғана алу керек екенін баса айтамын. Кейбір теориялар (ғылыми негізі жоқ) интернетте таралуы мүмкін және біздің барлық қорғаныс қабаттарымызды бұзуы мүмкін, өйткені олар адамдардың маска тағу және басқа қорғаныс шаралары туралы түсініктерін өзгертеді. Ең бастысы, вакцинацияның қажеттілігі туралы пікірді теріске шығарады, бұл халық үшін өте қауіпті. Себебі, жалған ақпарат және негізсіз теориялар-бұл адамзат әлі қауіптілігін жете түсіне алмаған, болашақта күресуге тура келетін «вирус», оған қарсы әрекет етуді бүгіннен бастаған жөн.

Көптеген елдерде халықты жаппай вакцинациялауға мүмкіндігі болмай тұрған кезде, біз қазақстандықтар, екпенің ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac секілді түрлерін таңдау еркіндігіне ие бола отырып вакцина салдыруда белсенділік танытпай келеміз.

Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды COVID-19-ға қарсы алғашқы екпе салдырғандардың бірі бола отырып, өз халқын вакцинациядан өтуге шақырды. Бұл қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалудың бүгінгі таңда баламасы жоқ жалғыз жолы!

Ахметов Валихан Исаұлы

м.ғ.д., профессор